Жезқазған – Қарағанды тас жолының сапасына көңілі толмаған жүргізуші «белгі» қалдырып кетті
«ҚазАвтоЖол» компаниясы бұл жолға тек 2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді
Жезқазған мен Қарағанды арасындағы тас жолдың бойында қағылған қазыққа ілініп тұрған етіктің фотосы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көлік жүргізушілері талай жылдан бері жөндеу көрмеген жолдың зардабын тартып келе жатқанын осылай жеткізген. Осы жол бөлігіндегі көлік үшін қауіпті ой-шұңқырға көлік жүргізушілерінің бірі ағаш қағып, оған резеңке етікті іліп кеткен. Тұрғындар бұл жолдың сапасыз екенін білдіретін белгі деп түсінеді.
«Жезқазған - Қарағанды жолы нашар, дөңгелек жарылып, көліктің асты тиіп, талайы бұзылған кездер болды. Жамап, жөндеп жатқан болады, бірақ одан нәтиже жоқ. Ақша үнемдей ме, әйтеуі бәрі сапасыз істеледі», - дейді Жезқазған қаласының тұрғыны Сакен Жолдас.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы бұл жолға тек 2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.
Қарағанды-Жезқазған жолы - Қызылорда - Павлодар - Успенка - РФ шекарасы тас жолының бір бөлігі, бұл жол өткен ғасырдың 60 жылдарында салынған. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. 6-8 жылда бір рет орташа деңгейдегі жөндеу жүргізіліп отырған, - «ҚазАвтоЖол» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалы.
Бұл жолдың азабын тек Жезқазған тұрғындары ғана емес, Абай қаласы мен Жаңаарқа ауданының тұрғындары да тартып келеді.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды облысы