Астанада көлік ұрлаған шетелдік ұсталды
Тәжікстан азаматы Toyota Camry-30 көлігіне отырып, қашып кеткен
Астанада көлік ұрлаған Тәжікстанның азаматы ұсталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Toyota Camry-30 көлігін ұрлатып алған әйел полицияға Тәжікстан азаматының көлікке отырып, қашып кеткенін айтқан. Ол полицияға арызданып, ұрлаудан келген шығынды 2 млн теңгеге бағалаған.
Кейін ұрланған көлік қала көшелерінің біріндегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Осыдан кейін Есіл ауданының полиция қызметкерлері көлікті ұрлаған 29 жастағы шетелдікті анықтады. Қазір ҚР ҚК-нің 200-бабы («Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тәжікстан азаматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.