Бегалының қызы өткен жылдың қараша айынан бері Түркияда емделіп жатыр
Ыстанбұл қаласына қызын емдетуге барған қазақ жігітіне оқ тиіп, жарақат алған.
Жарақат алған жігіттің есімі – Бегалы, жасы 32-де. Ол ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа жағдайын айтып, қазір ақшалай көмек өзіне емес, қызының еміне қажет екенін айтқан.
Менің жағдайым жақсы, отаны жасап дәрігерлер оқты денемнен алды. Бүгін-ертең ауруханадан шығамын, бұл жерде жата беретін уақытым жоқ, өйткені кішкентай қызымызды емдеуге алып келгенбіз, - деген Бегалы.
Түркиядағы атыс кезінде жарақат алған қазақстандыққа Ыстанбұлдағы дипломаттардың көмегімен ота тегін жасалған.
«Бегалы бауырымыздың Айым атты кішкентай бүлдіршіні туралы айта кетейін. Түркияда қараша айынан бері рак ауруын емделу үшін химиотерапия өтіп жатыр, оған арнайы ота жасау қажет. Бірақ рак ауруын емдеу үшін қомақты қаражат керек. Бегалы қызының еміне деп азын-аулақ ақша жинаған, соны өзіне қимай, қызы Айымның отасына жұмсайтынын айтады. Одан қанша қаражат керегін сұрағанымда, ұялып айтпай қойды: «Көмектесіп жатыр, жақсы адамдар бар, уайымдамаңыз, жарақатым жазылған соң бәрін өзім шешемін» деп ер жігіттің сөзін айтып отыр. Қызын сондай қатты жақсы көретіні сөзінен де, көңілінен де көрініп тұр, оқ тиіп жарақат алған адамға мүлдем ұқсамайды. Әкенің қызына деген махаббаты қандай керемет, иә?», - деп жазды СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
СІМ өкілінің айтуынша, Айымға ота жасау үшін 200 мың АҚШ доллары қажет. Оған көмек ретінде қаражат жинау жақында басталған.
Төмендегі сілтемеде Айымға көмек көрсетуге арналған парақша: