Наурызда қазақстандық ЖСН алған ресейліктердің саны 14 есе артқан
Украина азаматтарына қатысты көрсеткіш айтарлықтай көп емес
Қазақстанда 2022 жылғы наурызда жеке сәйкестендіру нөмірін алған ресейліктердің саны 2021 жылғы наурызбен салыстырғанда 14 есе артқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Былтыр Ресейдің 14 717 азаматы ЖСН алған. Ал 2022 жылдың алғашқы үш айында ЖСН 12 840 ресейлікке берілген.
Қазақстанда тіркелген ресейліктер саны биыл наурызда өскен. Бір ай ішінде 10 995 Ресей азаматы ЖСН алған. Ал 2021 жылғы наурызда 783 адам алған, салыстырмалы түрде өсім 14 еседен асады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Украина азаматтарына қатысты шама айтарлықтай көп емес. 2021 жылы Қазақстанда 1087 украиналық ЖСН алған. Айына 70-тен 128 адамға дейін тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш аздап қана өскен. Қаңтарда 42 украиналық ЖСН алған, ақпанда - 80, ал наурызда - 198 адам.
Қазақстанда шетелдіктерге ЖСН мынадай жағдайларда қажет:
- банкте шот ашу қажет болса;
- шетел азаматы Қазақстанда орналасқан көздерден табыс алатын болса;
- салық салынатын мүлікті сатып алу кезінде, мысалы, автокөлік;
- Қазақстан резиденті - заңды тұлғаның басшысы немесе резидент емес - заңды тұлға филиалының басшысы болып тағайындалған кезде.
Шетел азаматтарына ЖСН алу үшін Қазақстанда болу міндетті емес. Оны сенімхат бойынша істеуге болады.