Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған жандарға 136,3 млрд теңге жәрдемақы төленді

Динара Амантай

Үш айда 90 мыңға жуық адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері тұрғындарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 121,4 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл жәрдемақыларға қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 14,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер берілген.

2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 533,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 194,6 мың адамды құрайды.

Сонымен қатар, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5% өсті.

Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін 77 889 теңгені, 2-топ үшін 62 068 теңгені, 3-топ үшін 42 190 теңгені құрайды.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, биыл 3 айдың қорытындысы бойынша 88,1 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша, ал 57,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыруға байланысты төленеді.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Үкімет шешімімен олардың мөлшері 8,5% ұлғайтылды.

Бүгінде еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 33 279 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша 34 367 теңгені құрайды.