Halyq Uni логотип
×

Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 31 алаяқ ұсталды

«CyberPol» пилоттық жобасы іске қосылды

 Динара Амантай 19.04.2023 | 16:18
Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 31 алаяқ ұсталды
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері 31 алаяқты ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ІІМ «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы бағытта Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың интернет-алаяқтық қылмысына (56 дерек) қатысы барын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттары сотқа жолданған.

Мәселен, бұл топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн несие алған жас жігітті ұстады. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол өзін көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіт әңгімеге тартып, сеніміне кіріп, телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, оның атына 1,6 млн теңге несие рәсімдеп алғанын жеткізді. Ақпарат алысымен арнайы құрылған топ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауда жан-жақты жұмыс істеді. Нәтижесінде күдікті ретінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, жұмыссыз жас жігітті анықтады. Оның 6 бірдей жүргізушіні алдап, оларға жалпы 6 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені белгілі болды. Несиеге мақұлдау алған алаяқ танысы ақша салып жібергенін айтып, жүргізушінің телефоны арқылы арнайы терминалдардан қаражатты шешіп алып отырған. Қазір күдікті қамауда, оған қатысты материалдар айыптау актісімен сотқа жолданды.

Айта кетсек, киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері болған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып келеді. Мысалы, бұл топпен 18-20 сәуір күндері аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама