Павлодар облысында полиция қызметкері сотталды
Ол «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды
Павлодар облысында әкімшілік хаттамаларды бұрмалағаны үшін полиция қызметкері сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Прокуратураның заңдылықтың жай-күйін тексеру нәтижелері бойынша, Тереңкөл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде дәлелдемелерді бұрмалау фактілері анықталған.
Атап айтқанда, 2019 жылы 15 маусымда ауданның ПБ учаскелік полиция инспекторы ведомстволық көрсеткіштер пайдасына, оған нақты мән-жайлар болмаған кезде, азамат Б. болмаған және білмеген жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасаған және кейін ҚР ӘҚБтК 505-бабының 1-бөлігі («Елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ал жүргізілген қарсы тексеру нәтижелері бойынша жәбірленуші өзінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы білмеген және бұл туралы оған тек прокуратура қызметкерлерінен белгілі болған. Бұл да сот-қолжазба сараптамасының қорытындысымен расталды.
Осыған ұқсас фактілер тағы 7 іс бойынша анықталды. Аудан прокуратурасы бұл фактілерді ҚР ҚК 416-бабының 2-бөлігі («Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті лауазымды тұлға жасаған әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді бұрмалау») бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Одан әрі Павлодар облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеуді аяқтап, іс сотқа жолданды.
Аудандық соттың 17 ақпандағы үкімімен учаскелік полиция инспекторы 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаумен, құқық қорғау және мемлекеттік органдарда 2 жыл мерзімге лауазым атқару құқығынан айырумен, «полиция капитаны» арнайы атағынан айырумен ҚР ҚК 416-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін барлық 8 эпизод бойынша кінәлі деп танылды.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2021 жылғы 7 желтоқсандағы №81-VII Заңның 2-бабы 1-тармағы 2) тармақшасы бойынша кінәлі азамат 7 эпизод бойынша негізгі жазадан босатылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.