Көше бойына үйілген қоқыстарды қоғамдық ұйым анықтады
Елордада қоқыс үйінділері көше бойында жата беретін болған. Сондай келеңсіз жайттарды «Әділдік жолы» РҚБ-нің Астана қаласы филиалы анықтап, әлеуметтік желіге жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бірлестік өкілдері қала аумағын бақылап жүріп Жағалау ауданында, Ш.Айтматов көшесінің бойында жатқан қоқыс үйіндісіне тап болған. Құрылыстан шыққан қоқысты бәзбіреулер тікелей жол бойына төге салыпты.
Тағы бір жайт, Жалын және Қарталы көшелерінің қиылысында да қираған үйлердің қоқыс үйіндісі бар.
Астана қаласының аумағын абаттандыру қағидалары бойынша, «жеке және заңды және тұлғалар қаланың барлық аумағында, соның ішінде жеке үй иелерінің аумақтарында тазалықты сақтап, абаттандыру элементтеріне (жолдар, жаяу жүргіншілер жолдары, шағын сәулет нысандары, жарықтандыру, су бұрулар) зиян келтіруге және бұзуға жол берілмеуге тиіс. Абаттандыру аумағын ашу қажет болған жағдайда олар бастапқы қалпына келтіреді».
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің сөзінше, бұл тәртіпбұзушылықтың бәрі жауапты мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың жоқтығынан. Сондай-ақ, кінәлі тұлғалардың жазасыз қалуы да осыған әкеліп отыр.
Дереккөздерге қарағанда, Қазақстанда жиналған қатты тұрмыстық қалдық көлемі шамамен 25 млрд тоннаны құрайды. Ал табиғатта қайта өңделген заттың ыдырауы ондаған, тіпті жүздеген жылдарға дейін баратынын білеміз. Мысалы, күнделікті қолданылатын полиэтиленнің ыдырауы 700 жылдан 1000 жылға дейін созылады.
Қала аумағындағы осы келеңсіз жайттар бойынша Ауыл шаруашылығы мен Ішкі істер министрліктеріне жер телімдері иелеріне шара қолдану туралы өтініш жіберілген. Сонымен қатар, қазірдің өзінде қалалық Экология департаменті қала әкімшілігіне қоқысты тазарту жөнінде хат жолдап жатқандарын мәлімдеді.