Алматылықтар түсті металл қабылдаушыларға Кеңсайдағы бейіт мүліктерін өткізе бастады

Еркеғали Болатұлы

Мұндай тонау аумақты бақылаудың жеткіліксіздігінен болып отыр

фото: Orda.kz

Алматыда зираттарды бұзу оқиғасы жиілеп кетті. Түсті металл іздегендер қоршауларды, ескерткіштерді және тағы басқаларды алып кетеді. Бұл туралы Евразия бірінші телеарнасы хабарлады.

Оны туған-туыстарының бейітіне зиярат етуге келген қала тұрғындары көріп, видеоға түсіріп алған. Олардың пайымдауынша, мұндай тонау аумақты бақылаудың жеткіліксіздігінен болып отыр. Ал бұл мәселені ретке келтіруге бейнебақылау камералары көмектесер еді. Зират басшылығы болса, әр бейітті күзете алмаймыз деп отыр.

Негізінен зиратты күтіп ұстау қызметін «Мамандандырылған жерлеу қызметтері комбинаты» атқарады. Бірақ қазір жеке мекеме күзетіп отыр.

Серіктестік бейіттер, қоршаулар, ескерткіштер сияқты мүліктің сақталуына жауап бермейді. Жерлеуге бөлінген учаскенің шекарасындағы бейіт құрылысы – туыстарының немесе оларды құрған мекемелердің меншігі, - дейді «Қаланың жерлеу қызметтерінің мамандандырылған комбинаты» ЖШС директорының орынбасары.

Сонымен қатар компания кейінгі жылдары вандализм фактілері шынымен де жиілеп кеткенін растады. Зират қызметкерлері қылмыскерлерді бір емес, бірнеше рет оқиға орнынан ұстаған көрінеді. Бірақ олар мәселені шешу үшін түсті металл қабылдау пунктеріне бақылауды күшейту керек деп есептейді.