Атырауда тұрғын үй кезегінен шығып қалған көпбалалы ана сотта жеңіп шықты
Атырау қаласы әкімі сот шешімімен келіспей апелляциялық шағым берді
Атырауда көпбалалы аналардың бірі тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебіне 2016 жылдан бастап алынған. Ол 2019 жылы кезекте 919-шы болып тұрған, ал 2021 жылы оны атына тіркелген үй бар деген желеумен тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған. Осыған байланысты көпбалалы ана өзін тұрғын үй кезегіне қайта енгізуді талап етіп, Атырау қаласы әкімін, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімін және облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасын сотқа береді.
Сотта талап қоюшының атына тіркелген үйді анасы сыйға бергендігі расталды. Сондай-ақ, бұл үйдің апатты жағдайда, құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіні, тұруға жарамсыз екендігі де анықталып, тиісті сараптамамен дәлелденген.
Осыған байланысты, сыйға алынған тұрғын үй Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 1-бабының 28-тармақшасына сәйкес келмейді. Мұндай жағдайда жауапкердің талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаж емес деген тұжырымы негізсіз, - делінген сот шешімінде.
Одан бөлек, сот талап қоюшының «Күміс алқа» марапатын ескере отырып, Заңның 73-бабының 3-тармағына сәйкес аталған алқамен марапатталған көпбалалы аналар, Заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және есепке қойылған көп балалы отбасылар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығаруға жатпайды деген қорытындыға келді.
Сот бұл дауды көпбалалы ананың пайдасына шешті. Жауапкер Атырау қаласы әкімі сот шешімімен келіспей облыстық сотқа апелляциялық шағым берді.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімімен келісті. Алайда Атырау қаласы әкімі үй кезегін жүргізбейтіндігіне, ол осы іс бойынша тиісті емес жауапкер болуына байланысты сот алқасы бірінші саты сотының шешімінің әкімге қатысты бөлігінің күшін жойды.
Екі инстанцияның сот актілері заңды күшіне енді, кассациялық тәртіппен дауланбады.