Заңбұзушылықпен айналысқан салық органдарының 19 қызметкері жауапқа тартылды
Қадағалау актісі бойынша 21 мыңнан аса салық бұйрықтары жойылып, 13 мыңнан аса атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды
Прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығарудың заңсыз тәжірибесін тоқтатты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Салық кодексі бойынша салық бұйрықтары салық төлеуші – кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлғадан 1 АЕК-тен аса мөлшерде салық берешегін өндіріп алу кезінде шығарылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар олар қайтыс болған адамдарға, мүгедектерге қатысты, сондай-ақ хабарлама берілмей шығарылмайды.
Осыған қарамастан, аталған санаттағы адамдарға қатысты мемлекеттік кірістер органдары заңсыз бұйрықтар шығарып, кейін берешекті өндіріп алу бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып, атқарушылық іс жүргізуді қозғаған. Салдарынан шоттарға тыйым салынғаннан кейін кәсіпкерлер қарызды төлеп қана қоймай, сот орындаушылардың жұмысына ақы төлеуге мәжбүр болған.
Мысалы, Алматы қаласында жеке кәсіпкерге 430 мың теңгені өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылған. Сот орындаушысы кәсіпкердің банктік шотына тыйым салып, бұл оның қалыпты жұмысына кедергі келтірген.
Прокуратура актісі бойынша салық бұйрығының күші жойылып, шектеу шаралары алынып тасталды, ал атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды.
Жалпы республика бойынша 23 мың осындай бұзушылық анықталды. Сондықтан Бас прокуратура Үкіметке нақты ұсыныстармен ұсыну енгізді. Нәтижесінде қадағалау актісі бойынша 21 мыңнан аса салық бұйрықтары жойылып, 13 мыңнан аса атқарушылық іс жүргізу тоқтатылды.
Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің ақпараттық жүйесін (ҚР БСАЖ) жаңғыртып, енді мұндай фактілер болмайтыны (бұйрықтар тек жеке тұлғаларға қатысты шығарылады) белгілі болды.
Бұдан басқа, 40-тан аса жеке сот орындаушысы және салық органдарының 19 қызметкері, оның ішінде 6 басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Барлық мемлекеттік кірістер департаменттерімен және басқармаларымен салық бұйрықтарын шығару мәселелері бойынша түсіндіру семинарлары өткізілді.