Олар бюджетке 30 млрд теңгеден аса шығын келтірген
Тергеу органдары соңғы 2 жылда қадағалау органынан 20 қылмыстық істі тіркеп, 16 адамды сотқа тартқан. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен үлестік құрылыстың проблемалық мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңесте айтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жұмысқа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, елорда әкімі, құрылыс істері комитетінің, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ның төрағалары, өңірлердің прокурорлары және облыс әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарлары қатысты.
Мемлекет басшысы жыл басында өткен кеңесте сәулет және құрылыс саласындағы бақылауды күшейтудің, құрылыс компанияларының жауапкершілігін қатаңдатудың жаңа тәсілдерін көздеуді тапсырған болатын. Бұл ретте қадағалау органында соңғы 2 жылда тергеу органдарымен 20 қылмыстық іс тіркеліп, 16 адам сотталғаны аталды. Олар бюджетке 30 млрд теңгеден аса шығын келтірген. 300-ден аса компания заңсыз алымдар үшін 250 млн теңге айыппұлға ілікті.
Сонымен қатар қазір елімізде әлі салынып бітпеген 44 үйдің қалғаны айтылды. Олардың 16-сы – елордада. Қазір мемлекет есебінен қаржыландырылып отыр.
Бас прокурор құрылыс салушылардың алдын ала инвестициялар және т.б. шарттар арқылы заңды айналып өтіп, азаматтардың қаражатын заңсыз тартқан әрекеттеріне назар аударды.
Заң бойынша құрылыс салушылар үлескерлердің ақшасын екі жағдайда ғана тарта алады.
Біріншісі - Қазақстан тұрғын үй компаниясымен келісімшарт болған кезде.
Екіншісі - әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда.
Егер жобаға банк қатысса немесе үйдің қаңқасы болса, әкімдіктің рұқсаты беріледі.
Сондай-ақ жаңа заңда шарттың атауымен манипуляциялар жасау жағдайы алынып тасталды. Сондықтан азаматтардың қаражатын тарту үшін құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жасасуы қажет.
Жалпы, кеңес жұмысына қатысушылар үлестік және тұрғын үй құрылысын қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйін талқылап, ұйымдастырушылық кемшіліктер мен барлық тәуекелдерді зерттеді. Бас прокурор Құрылыс істері комитетіне проблемалық тұрғын үйлердің бірыңғай реестрін оларды іске қосылуына дейін бақылау үшін әзірлеуді тапсырды. Елордалық әкімдіктің алдына проблемалы үйлердің құрылысын биыл жыл соңына дейін аяқтау міндеті қойылды. Өз кезегінде Индустрия министрлігі құрылыс салушыларға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту қажет.
Кеңес соңында қадағалау ведомствосының басшысы қызметкерлер мен бақылаушы органдарға құрылыс компанияларының іс-әрекеттерін мұқият қадағалауды тапсырды. Егер бұзушылықтар анықталса, азаматтар зардап шекпеуі үшін тез әрекет етуді талап етті.