WhatsApp мессенджерінде Halyk Bank атынан алаяқтық хаттар таратылып жатыр
Halyk Bank алаяқтардың «Рамазан айындағы сыйлықтар» деген желеумен халықты алдауда жаңа әдіс шығарғанын ескертті.
Ведомствоның әлеуметтік желіде таратқан хабарламасына қарағанда, қазір WhatsApp мессенджерінде Halyk Bank атынан алаяқтық хаттар таратылып жатыр. Хабарламада алаяқтар сілтемені көрсетіп, соны басқан кезде ықтимал жәбірленуші сұрақтарға жауап беріп, жеңіл ұтыс ойынына қатысатын сайтқа кіреді. Содан кейін сілтемеде көрсетілген мәлімет бойынша ақшалай сыйлықты алу үшін достарыңыз бен туыстарыңызға сілтемесі бар хабарлама жіберуіңіз керек.
Halyk Bank ақпараттық ресурстарды қорғау департаментінің хабарлауынша, бұл тарату – фишингтік схеманың бірі және оны алаяқтар азаматтардың телефондарына зиянды бағдарламаларды жүктеп алуы үшін пайдаланады. Олардың көмегімен алаяқтар телефондағы барлық ақпаратқа, оның ішінде банктік мобильді қосымшаларға кіріп, ақшаны пайдасына жарата алады. Осылайша, қауіпті бағдарламаны жүктеп алған кезінде адам өз ақшасын жоғалтуы мүмкін.
Алаяқтар адамның жеке ақпаратын, телефон нөмірін, жасын, атын, сондай-ақ төлем карталарының деректерін (төлем картасының 16 таңбалы нөмірі, оның қолданылу мерзімі, 3 таңбалы CVV коды), оның банктік мобильді қосымшаларының, жеке шоттарының және басқа да логиндер мен парольдерін жинау үшін пайдаланады. Егер адам алаяқтарға сеніп, телефонына белгісіз қосымшаны орнатса немесе күмәнді сайтқа төлем картасының мәліметтерін жазса, дереу банкке хабарласуы керек, – делінген хабарламада.
Halyk Bank барлық акциялар, ұтыс ойындары мен сыйлықтар туралы ақпарат тек қана банктің ресми сайтында немесе оның әлеуметтік желілерінде жарияланатынын ескертеді.