×

Атыраулық қыз 10 жылдан бері жыланмен бірге тұрып жатыр

Аптасына екі қоян жейді де 4-5 күн қорытып жатады, – деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 18.04.2023 | 16:42
фото: azh.kz

Атыраулық Салтанат Өмірбайқызы 10 жылдан бері үлкен жыланмен бір үйде тұрып жатыр. Ол цирктегі қойылымдарға қарап, питонды асырай алатынын айтты. 

Салтанат – белгілі әртіс Гүлшарат Жұбаеваның сіңлісі. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.

Өзім ерте жасымнан бимен айналысып келемін. Мені үлкен сахнадан көргісі келген марқұм анам бар қалауымды жасады. Бір күні циркке барғанымызда үлкен жыландармен билеп жатқан қыздарды көріп, мен де осылай жыландармен билесем деп армандадым. Сөйтіп, ол алғашқы питонды қолда асырауыма себеп болды, – деді Салтанат.

Бұл жылан – оның 10 жыл ішіндегі екінші питоны. Ұзындығы – 3 метр, салмағы –  30 келі.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        

Оның айтуынша, алғашқы жыланының аты «Джованна» болған. Оны өзі Малайзиядан сатып алған. Өкінішке қарай, ол да ауырып өлді. Ал екінші жыланы «Графиня» деп аталады. 

Графиня (1 миллион теңге) сатып алған кезінде 2 метр болған. Үш жылда 1 метрге өскен. Питондар тамақ жеген сайын өсе береді. 10 метрге дейін жетеді. 10 метр жыланға қарау ыңғайсыз болғандықтан, жай өсу үшін тамақты шағындап беремін. Аптасына екі қоян жейді де 4-5 күн қорытып жатады, – дейді ол.

Салтанаттың айтуынша, тамаққа тойып алғаннан кейін питонға жақындауға болмайды. Себебі мінезін көрсетіп, ашулы болады. Графиня бірнеше рет Салтанаттың әкесінің қолынан тістеп алғанда дәрігерге дереу хабарласуға тура келген. Тойда билеп жүрген кезінде өзін де қылқындырып, тұншықтырған кезі болған екен.

Салтанат питонды жеке үйде, жатын бөлмесіндегі торда ұстайды. Тасымалдауға арналған, екпе алғаны туралы анықтама мен заңды құжаттары да бар.

Мен жыланды екі күнде бір рет аулаға шығарып серуендетіп аламын. Ауырса, ветеринар шақырамын. Оны ваннаға салып, суға түсіремін. Ол ваннада бір сағаттай суда жатады. Баптағанды өте жақсы көреді. Суды ұнатады, – дейді ол.

Сонымен бірге Салтанат бұған дейін үйінде қолтырауын болғанын, одан кейін күні кешеге дейін бүркіт асырағанын, ал нағашыларының арыстан асырап алғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама