Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды
Антикор Қызылорда облысының білім беру саласынан миллиондаған жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшісіне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Антикордың мәліметінше, күдіктілер білім беру мекемелерінің қызметкерлері болып табылмайтын азаматтардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы 543 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған.
Қызылорда қаласы мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-прцестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.