221 млн теңге жымқыру ісі: сотта Арыстанбек Мұхамедиұлының қалай әрекет еткені айтылды
Қылмыстық іс бойынша төрт сотталушы бар
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі сот залынан.
Айыптау актісімен таныстым және Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үндістаннан құнды жәдігер «Алтын адамды» бүтін күйінде алып келдік. Мемлекет басшысының дер кезінде тапсырма бергенінің арқасында, Үндістандағы Қазақстан елшілігі мен Үндістанның СІМ бірлескен жұмысының арқасында 2020 жылдың 20 наурызында жәдігерді алып келдік. Үндістанда карантин шектеулері тек 2021 жылдың аяғында алынып тасталды, - деді Мұхамедиұлы.
Айтуынша, «Алтын адамды» Үндістанға екі жылға қалдырса, адамзат құнды жәдіберді жоғалып алған болар еді.
Сондықтан айыптау актісімен мүлде келіспеймін. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын, - деді ол.
Сондай-ақ іс бойынша басқа үш сотталушы да тағылған айыпты мойындамады.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2020 жылы Ұлттық музейге «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін өткізуге қаражат бөлінді. Мұхамедиұлы бес елде – АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілгенін білген.
Аталған елдердегі ұлттық музейлермен келіссөздер барысында түрлі себепке байланысты көрме өткізу туралы келісімге келе алмаған. 2020 жылдың қаңтарының басында аталған елдер ұсыныстан бас тартты. Алайда Мұхамедиұлы тоқтамай, көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған, - деді мемлекеттік айыптаушы Еркеғали Зәкіров.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Мұхамедиұлы Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұрасханға «ұрлық жасауға жәрдемдесетін» жеткізушіні таңдауға заңсыз нұсқаулар берген. Ол директордың орынбасары Азамат Көшеновпен бірге «Экспонат» ЖШС-ны іске тартқан. Бұған дейін бұл ЖШС халықаралық көрмелерді өткізуде мұражайға қызмет көрсеткен. Көшенов бухгалтер Айым Сәдуақасованы да осы іске тартқан.
«Экспонат» ЖШС «ешқандай негіздемесіз» қызмет көрсетуші болып анықталған. Сонымен қатар Алмаз Нұрасхан ЖШС-мен бес елдегі көрмеге жүргізілген сомаға бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан. Бұл жерде сома шамамен 1,27 млрд теңгені құраған.
Шығынды азайту үшін Мұхамедиұлы 2020 жылдың 10 ақпанында Үндістанның Ұлттық мұражайы бірқатар қаржылық шығындарды өз мойнына алатын келісім жасады. Оның ішінде техникалық жабдықтау, жарнама, фуршет өткізу, 100-150 адамға арналған көрме ашу, мәдениет саласындағы VIP-тұлғаларды шақыру, қазақстандық делегацияға турл ұйымдастыру қамту туралы келісім бар.
Алайда коронавирус пандемиясына байланысты Мәдениет және спорт министрлігі ведомстволық бағынысты ұйымдарға 2020 жылдың І жартыжылдығында жоспарланған шетелдік сапарларды, мәдени-бұқаралық іс-шараларды тоқтату туралы хат жолдады.
Алайда прокурор Мұхамедиұлының бұрын Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарғанын пайдаланып, бұл нұсқауды елемегенін айтады. Осылайша мәдениет және спорт министрлігіне Үндістанның Ұлттық мұражайында 2020 жылдың 18 наурызында көрме өткізу ниеті туралы хат жолдаған.
«Мұхамедиұлы енгізілген шектеулерге қарамастан, бюджет қаражатын жымқыру мақсатымен 2020 жылдың 19-21 наурыз аралығында көрмені ресми түрде өткізуге нұсқау берді. Ал 2020 жылдың 17 наурызында Мұхамедиұлы Үндістанның Ұлттық мұражайына шұғыл түрде көрмені демонтаждау туралы шешім қабылдау туралы хат жолдаған», - делінген айыптау актісінде.
Осылайша, мемлекеттік айыптаушы Нью-Делиде халықаралық көрме өткізілмегенін, ал оның негізгі мақсаты – Қазақстанды танымал ету және имидждік ілгерілету болғанын айтты.
«Даму» аудиторлық компаниясы ЖШС-ның 2022 жылдың 27 шілдедегі есебіне сәйкес, «Экспонат» ЖШС қызмет көрсетуді және тауарды жөнелтуді іс жүзінде орындамай, 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында қызмет «атқарған».
Осылайша, Мұхамедиұлы мен Нұрасхан Көшенов пен Сәдуақасованың көмегімен жымқыру әрекетін жасаған.
Астанада 2023 жылдың 17 сәуірінде экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі басталды. Істі Байқоңыр ауданы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Бағлан Ыдырысов қарайды.
Сотталушының адвокаты Мұстақым Төлеев экс-министрді үйқамаққа жіберуді, сондай-ақ қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Бұрынғы министр адвокатының өтінішін қолдады.
Қамауда ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз. Себебі бірнеше күн бұрын маған екінші операция жасалды. Денсаулығым күн сайын нашарлап жатыр. Сондықтан үйқамаққа жіберу дұрыс болады деп санаймын. Адвокаттар айтқандай, бұл – ойдан шығарылған іс, ештеңе дәлелденбеген. Бірде-бір факт жоқ, бірақ біз мына жерде отырмыз, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сот адвокаттың Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберу туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Сотталушы Мұхамедиұлы мен Көшенов ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Сондай-ақ тергеу судьясының сотталушылар бостандықта болса, сот талқылауына кедергі келтіруі, соттан жасырынуы мүмкін екендігі туралы қаулысы бар. Сонымен қатар Мұхамедиұлының сырқаты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз бола алмайды. Сотталушы тергеу изоляторында медициналық көмек ала алады. Қажет болса басқа жерде де медициналық көмек ала алады. Сондықтан сотталушыға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы орынды таңдалған, - деді судья Ыдырысов.
2022 жылғы 28 мамырда сот санкциясымен Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Ол бюджет ақшасын жымқырды деген күдікке ілінді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2019 жылғы шілдеде музей директоры болды. Оған дейін 5 жыл Мәдениет және спорт министрлігін басқарған.