×

Қостанай облысында Өзбекстан мен Тәжікстанның азаматтары ұсталды

Мигранттар заңсыз еңбек еткен

 Дастан Жұмабекұлы 17.04.2023 | 16:50
фото: Ішкі істер министрлігі

Өзбекстан мен Тәжікстанның 21 азаматы Қостанай облысында заңсыз еңбек еткен.

Қостанай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі мен Қарабалық ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері рейд кезінде заңсыз еңбек еткен Өзбекстан мен Тәжікстанның 21 азаматын ұстады. Олардың арасында Өзбекстанның 16 азаматы мен Тәжікстанның 5 азаматы болған.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, шетелдік азаматтар елімізге наурыз айында келген. Жұмыс беруші оларды рұқсат құжаттарынсыз жұмысқа қабылдаған.  

Қарабалық аудандық сотының шешімімен Өзбекстан мен Тәжікстанның 21 азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 17 шетелдікке 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Екі шетелдік азамат 2 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдің екі азаматы Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығарылды.

Ал мигранттарды жұмысқа алған адамға 100 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілік түріндегі жазаға тартылды. 

Жалпы, биыл жыл басынан бері Қостанай облысында Қазақстан заңдарын бұзғаны үшін 236 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 20-дан аса шетелдік азамат елден шығарылды. Қазақстан Республикасының 234 азаматы ішкі істер органдарына шетелдік азаматтардың келгені туралы уақтылы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қос азаматтықтың 18 дерегі анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама