Halyq Uni логотип
×

Еуропадан келген қонақтар жүретін СҚО шекарасындағы жолдың сапасы сын көтермейді

Қайта жаңғырту жұмыстары осымен алтыншы жылға созылып бара жатыр

 Самат Жақып 11.04.2022 | 14:59
Еуропадан келген қонақтар жүретін СҚО шекарасындағы жолдың сапасы сын көтермейді
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы 2017 жылы басталған «Нұр-Сұлтан – Петропавл - Қорған» республикалық тас жолының жыры ұзаққа созылды. Мәселен, Петропавл қаласынан Ресей шекарасына дейінгі 60 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары әлі аяқталар емес. Қазіргі бұр аралықтағы жолдың 16 шақырымы әлі күнге дейін шұрық-тесік, әбден ескірген. Жөндеу жұмыстарының басталғанына алты жылдай уақыт өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Петропавл қаласынан Қорғанға жеткізетін жол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған. Тек 2004 жылы мұнда орташа жөндеу жұмыстары жүргілген екен. Ресейдің бірнеше облысын Қазақстанмен байланыстыратын жолдың жалпы ұзындығы - 60 км. Жергілікті билік 2017 жылы оны қайта жаңғыртуды қолға алды. Нәтижесінде облыс орталығынан Мамлютка қаласына дейін жол төселді - шамамен 40 шақырымнан асады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен - 13 миллирд теңге қаржы жұмсалды. Ал Мамлютка қаласынан «Жаңа- Жол» шекара бекетіне дейінгі учаскі сол күйі жаңармаған. Соның салдарынан 16 шақырымға созылған ойдым-лйдым жолды жүріп өту үшін бірнеше сағат уақыт кетеді.

«Менің шетелден Қазақстанға жүк тасып жүргеніме жиырма жылдан асты. Жергілікті биліктің айналдырған 15-16 шақырымдық жолды қалпына келтіре алмай жүргені - әбден ұят. Осы аралықты 1-1,5 сағат дегенде жүріп өтеміз. Салдарынан уақытымызды жоғалтамыз, көлігіміз де тез тозады. Қыста қар басып, біраз тегістеліп қалады. Ал күн жылыған кезде жол азабын тартамыз. 2017 жылы құрылыс басталғанда қуанған едік. Бірақ көпке созылмады. Басқа елден келген қонақтарды Қазақстан осындай жолмен қарсы алады. Айтарға сөзім жоқ. 30 жылда толағай табысқа жеттік деп мақтанамыз. Ал, шекара маңындағы жолдың түрі адам шошырлық», - дейді  жүргізуші Жомарт Әубәкіров.

16 ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫ ЖӨНДЕУГЕ 7 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРАЖАТ КЕРЕК

60 шақырымға созылған жолды жөндеу бойынша тендерді қазақстандық «К-Дорстрой» компаниясы ұтып алған. Мердігер оның 16 шақырымын аяқсыз қалдырды. Соңғы екі жылда аталған учаскіде ешқандай жұмыс жүргізілмеді. Жұмыстардың тоқтауына құрылыс материалдардың қыбаттауы қолбайлау болған.

«2020 жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына аталған мердігер жол–құрылыс материалдарының қымбаттауы туралы талап арыз берген болатын. Осыған байланысты жұмыстар тоқтады. Іс тіпті сотқа дейін жетті. Бірақ «К-Дорстрой» ұйымы былтыр жылдың аяғында арызын қайтарып алды. 2021 жылы қыркүйекте Ұлттық экономика министрі бекіткен бұйрығына тиісті өзгерістер енгізу үшін мердігер жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізуге өтініш берді. Қазір бізбен арадағы келісімшарт бұзылған жоқ. Қаржы қайта есептеген соң, олар жобаны аяқтауға міндетті. Жалпы, қазіргі таңда материалдардың қымбаттағанын есепке алмасақ, 16 шақырымды қайта қалпына келтіруге шамамен 7 миллиард теңгеден астам қаржы қажет», - дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаев.

Қазақстанға Еуропадан келетін қонақтардың барлығы осы жолмен жүреді. Жауапты мамандар жолды жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп сендірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама