«Денсаулығы нашарлағанын» айтқан экс-министр үйқамаққа жіберілмейтін болды

Айгерім Таубай

Сот Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге еш негіз жоғын айтты

Арыстанбек Мұхамедиұлы, фото: Halyq Uni

Байқоңыр ауданы сотының судьясы Бағлан Ыдырысов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберу туралы өтінішті қанағаттандырмады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі сот залынан.

Сотталушы Мұхамедиұлы мен Көшенов ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Сондай-ақ тергеу судьясының сотталушылар бостандықта болса, сот талқылауына кедергі келтіруі, соттан жасырынуы мүмкін екендігі туралы қаулысы бар. Сонымен қатар Мұхамедиұлының сырқаты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз бола алмайды. Сотталушы тергеу изоляторында медициналық көмек ала алады. Қажет болса басқа жерде де медициналық көмек ала алады. Сондықтан сотталушыға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы орынды таңдалған, - деді судья Ыдырысов.

Сот қылмыстық істі тоқтату туралы экс-министрдің адвокаттың Мұстақым Төлеевтің өтінішін қанағаттандырмады.

Еске салайық, бұған дейін адвокат Төлеев экс-министрді үйқамаққа жіберуді, сондай-ақ қылмыстық істі тоқтатуды сұраған еді. Арыстанбек Мұхамедиұлы адвокатының өтінішін қолдады.

«Қамауда ұстау түріндегі бұлтарпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймыз. Себебі бірнеше күн бұрын маған екінші операция жасалды. Денсаулығым күн сайын нашарлап жатыр. Сондықтан үйқамаққа жіберу дұрыс болады деп санаймын. Адвокаттар айтқандай, бұл – ойдан шығарылған іс, ештеңе дәлелденбеген. Бірде-бір факт жоқ, бірақ біз мына жерде отырмыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.