Ақтөбеде оқушыны қаққан автокөлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті (ВИДЕО)
Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ақтөбеде жүргізуші оқушыны автокөлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 14 сәуірде сағат 22:40 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы мен Пацаев көшесінің қиылысында Ваз-2114 автокөлігі бағдаршамның тыйым салу сигналынан өтіп, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып өтіп, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен. Салдарынан 17 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілді.
Полиция қызметкерлері іздеу іс-шараларын жүргізу барысында автокөлікті Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйдің ауласынан әйнегі, бампері, капоты зақымданған күйінде тапты.
Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды. Сондай-ақ жасөспірімді қағып кеткен ер адам жүргізуші куәлігі жоқ 18 жастағы жас жігіт болып шықты.
ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүргізуші 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.