Қарағанды облысында пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілер ұсталды (ВИДЕО)
Екеуі де қомақты қаржыны үптеп кеткен
Қарағанды облысының полицейлері бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілерді ұстады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Абай аудандық полиция басқармасына 48 жастағы қала тұрғыны кешкілік жұмыстан келгенде белгісіз адамның бірінші қабаттағы үйінің терезесінен кіріп, ноутбук пен қуаттау құрылғысын ұрлап кеткені туралы шағымданған. Ұрланған заттар шамамен 170 мың теңгеге бағаланған.
Сондай-ақ полицияға Абай қаласының 50 жастағы тұрғыны да арызданды. Ол да үйінен белгісіз адамның екі ноутбук, флэшкарта және ақша ұрлағанына қатысты шағымданды. Оған келтірілген шығын көлемі 1,1 млн теңге болған. Осыдан кейін полиция істі қолға алып, ұрылардың пәтерге пластикалық терезені бұзып кіргенін анықтады.
Көп кешіктей, ұрлыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен екі адам ұсталды. Олар 29-34 жас аралығындағы азаматтар болып шықты.
Күдіктілерден айғақ заттар тәркіленді. Сонымен бірге олар ұрланған заттарды белгісіз адамға сатып жібергенін айтты.
Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің Саран және Ақтас қалаларында болған екі қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Бірінші жағдайда күдіктілер жәбірленушіге 330 мың теңге, екінші жағдайда 77 мың теңге шығын келтірген. Күдіктілерге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.