Түркістан облысында бизнеске кедергі келтірген 5 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген 103 әкімшілік істің күші жойылды
Кеше Түркістан облысы прокурорының орынбасары Ж.Нұрғалидың төрағалық етуімен облыс прокуратурасы Сарапшылық кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиынға уәкілетті органдардың басшылары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және өңірдің кәсіпкерлері қатысты.
Кеңес отырысында «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» пилоттық жобасын іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау және ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы әкімшілік істерге жүргізілген мониторингтің нәтижелері, сондай-ақ елімізде дизель отынына қатысты болып жатқан тапшылық және оның өңірдің кәсіпкерлеріне әсері жөніндегі мәселелер қаралды.
Мысалы, прокурорлар салық органдарымен «Қоғамдық бақылау – түбіртекті талап ет» пилоттық жобасы аясында кәсіпкерлерге бару арқылы заңсыз тексеріс жүргізу, құқық бұзушыға сырттай ескерту түріндегі әкімшілік жазаны қолдану және дара кәсіпкерлерге қатысты заңсыз салық бұйрықтарын шығару фактілерін анықтады.
Қабылданған шаралармен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілген 103 әкімшілік істің күші жойылды. Жалпы 1 133 кәсіпкердің құқықтары қорғалды, 5 лауазымды тұлға тәртіптік, 6 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жиын қорытындысы бойынша Ж.Нұрғали алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бермеуді нұсқап, сонымен бірге проблемалық мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, бизнесті қорғау прокуратура органдарының тұрақты бақылауында екендігін атап өтті.