Маңғыстау облысында 3 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жанның құқығы бұзылған

Динара Амантай

Прокуратура мемлекет кепілдік берген тегін қызметтерді алу кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді

Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет кепілдік берген тегін қызметтерді алу кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Талдау барысында мүмкіндігі шектеулі 3 258 адамды оңалтудың жеке бағдарламасымен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолданбау фактілері (оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер – 525, екінші – 849, үшінші – 1 322, мүгедек балалар – 562) анықталды.

Енгізілген прокурорлық қадағалау актісімен көрсетілген кемшіліктер жойылып, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, мүмкіндігі шектеулі адамның конституциялық құқықтары қорғалды.

Атап айтқанда, қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың мүгедектерге арналған оңалту орталығына баруға, санаторий-курорттық ем алуға, сондай-ақ жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне басқа да мемлекет кепілдік берген тегін қызметтерге мүмкіндігі бар.