12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні
Елордада Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға 350-ден астам шақырылған қонақ қатысты.
Олардың қатарында Қазақстан президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, парламент депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері, ЖОО мен ғылыми ұйымдардың басшылары болды.
Жиналыста премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов құттықтау сөз сөйледі.
Бүгін – тарихи күн. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы ғалымдарды жинап, Ұлттық кеңестің алғашқы отырысын өткізді. Сол жерде бүгінгі таңда еліміздің күн тәртібіндегі ғылым саласының өзекті мәселелері талқыланды. Кеңестің қорытындысы бойынша президент Үкіметке, министрлікке бірқатар тапсырма беріп, ғылым саласына ерекше назар аударды. Тарихи шешімдердің қатарында президенттің шешімімен министрлік Ғылым және жоғары білім министрлігі болып бөлінді. Бұл да президенттің ғылымға деген ерекше көзқарасын көрсетеді, - деді Көлгінов.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек іс-шараға қатысушыларды осы айтулы күнмен құттықтады.
«Министрлік ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен кең көлемде өзара іс-қимыл жасай отырып, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заңның жобасы әзірленіп жатыр. Ғылымды цифрландыру бойынша шаралар қабылданып жатыр, «Қазақстан ғылымы» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Министрліктің мемлекет басшысының жолдауында және сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерге сәйкес қазақстандық ғылымды дамыту жолдары туралы нақты көзқарасы бар», - деді министр.
Отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуына қосқан үлесі үшін министр бірқатар жетекші ғалымдарға «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» ведомстволық наградасын табыс етті.
Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар үшін ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды, онда қонақтар қазақстандық ғалымдардың жобаларымен таныса алды.