Ұйым басшылығы қызметкелерінің жалақысын көтермейді
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов «Қазавиақұтқару» АҚ пилоттарының жұмыстан кетіп жатқанын растады.
Жұмысшылардың біреуі сынақ мерзімінен өтіп жүрген. Қалғандары берген өтініштеріне қарай шешіледі. Ешкімді мәжбүрлі түрде жұмыстан шығармайды. Бірақ өздері жұмыстан шығуға ниет білдіріп тұрса, оларды ұстауға да ешкімнің құқығы жоқ, - деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ұйым қызметкелерінің жалақысын көтермейді. Себебі онсыз да қазіргі мөлшері орташа көрсеткіштен жоғары.
Жалақыны көтеру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Оның мөлшері орташа деңгейден жоғары – 640 мың теңге мен 2,5 миллион теңгенің маңайында болып тұр, - деді министрліктің ресми өкілі.
Еске сала кетсек, сәуірдің басында «Қазавиақұтқару» АҚ пилоттары саладағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайына шағымданған болатын. Сол кезде 23 пилот жұмыстан кетуге арыз жазды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин барлық арыздар бойынша қызметтік тексеріс жүргізілетінін айтты.
Сондай-ақ жұмыстан кететін әрбір пилоттың оқуына жұмсалған бюджет қаржысын қайтару міндеті бар екені де ескертілді.