Кәсіпкерлікті дамыту жобасының нәтижесінде 150 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты

Динара Амантай

Сондай-ақ қызмет саласын таңдау мақсатында 40,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті

Фото: Halyq Uni

Биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 222,5 мың адам қатысып, 152,2 мың адам жұмысқа орналасты. Оның 48,8 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, субсидияланатын жұмыс орындарына 103,4 мың адам орналастырылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарымен 12,1 мың адам, жастар практикасымен 5,8 мың адам, қоғамдық жұмыстармен 76 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 2,1 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 66 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 7,4 мың адам жұмыспен қамтылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 14 мың жұмыссыз қамтылды.Оның ішінде 12,4 мыңы оқуды аяқтады.

Сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 53,6 мың адам қамтылды. Оның ішінде 39,6 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды.

Сонымен қатар, қызмет саласын таңдау мақсатында 40,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.