×

«Димедролды көп салған». Атырау облысында ауруханаға түскен сәби жұмбақ жағдайда көз жұмды

Жергілікті полиция жасқа толмаған сәби өліміне қатысты тергеу жұмыстарын бастады

 Айнұр Асылбекқызы 09.04.2022 | 15:35
скриншот: әлеуметтік желі

3 наурыз күні Атырау облысы Қызылқоға аудандық ауруханасында 11 айлық сәби белгісіз жағдайда қайтыс болды. Аудан орталығы – Миялы ауылының тұрғыны Баян Шүкірғалиева немересінің өліміне сол аурухана дәрігерлерін кінәлап отыр. Ол дәрігерлердің балаға диагноз қоя алмай, оны қате емдеп, өлтіріп алғанын айтады.  

Ауруханада шетінеген сәбидің толық аты-жөні - Берік Ибраһим Ерболұлы. Ол тірі болса, 23 сәуірде жасқа толар еді.

Шүкірғалиеваның айтуынша, немересі 1 наурыз күні кешке таман емген сүтін құсып, тәбеті болмай, аяқ асты мазасыздана бастаған. Бала мазасызданып тұрған соң кешкі сағат 23:30 шамасында келіні мен баласы жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем дәрігері балаға құсуын тоқтататын екпе салып кеткен. Бірақ, баланың құсуы басылмаған. Оған қоса, қызуы көтеріле бастаған соң келесі күні таңғы 5-те тағы да жедел жәрдем шақырған.  

Бұл жолы бала анасымен бірге Қызылқоға аудандық ауруханасына жатқызылады. Бұл 2 наурыз болатын.  

«Сол күні келінім баланың жағдайы сәл жақсара түскен соң емдеуші дәрігерден сұранып, сағат шамамен 11-де ауруханадан шығып үйге келді. Бірақ, кешке баланың жағдайы нашарлап, мазасы қашып, құсып, іші өтіп, қызуы көтерілген соң сағат 18:30 шамасында қайтадан жедел жәрдем шақырдық. Немеремді қайтадан ауруханаға алып кетті. Онда оның іш құрылысын тазартамыз деп система салмақ болған. Сосын тамырын таба алмай, төрт жерден тесіп көгертіп, қан тамырларын жарып жіберген. Система салып жатқан кезде бала жылап көнбеген. Сол кезде медбике баланы жұлқылап, «Әй, жат болды, не жылай бересің!» деп ұрысқан. Медбике балаға система сала алмады. Дәрігер айтқан соң «Регидрон» ішкізе берген. Бірақ, бала мазасызданып, ішінің өтуі тоқтамаған», - дейді Шүкірғалиева.

Оның айтуынша, бала шошынып жылап, көнбеген соң келіні емдеуші дәрігерден «жатырқап шошынып та тұрған шығар, үйге барып бесікке салып көрейін» деп, тағы да үйге сұранған. Дәрігер рұқсатын беріп, өзі де бірге 3 наурыз күні түнгі сағат 02.30-да үйге еріп келеді.

«Дәрігер «бала тынышталса, тастап кетеміз» деді. Сосын ол баланың қарны аш екенін айтып, оған «манная крупа» мен сүт беру туралы кеңесін айтты. Бала берген тамақты жеп алды. Бірақ, жылауын қоймады. Мүлде ұйықтамаған. Сол кезде мен дәрігерден диагнозын сұрадым. Ол «білмейміз» деді. Сосын «балаға не салдыңыздар, ұйықтату үшін димедрол салдыңызар ма?» деп сұрадым. Сонда дәрігер оны сәбиге салуға болмайтынын айтты. Немеремді ауруханаға қайта алып кетті. Ауруханаға апарып, реанимацияға жатқызған. Бәрі уайымдап кетті. Балам мен келініме дұрыстап ештеңе түсіндірмеген және ішке кіргізбеген. Сосын немереме димедрол салған. Келінім «салмаймыз дедіңіз ғой, неге салдыңыз?» деп сұрағанда, сәл демалып алу үшін салғанын айтқан», - дейді шетінеген сәбидің әжесі.

Дәрігерлер сәби демала алмай жатқан соң дәрігерлер оттегі беру үшін балалар катетерін іздеп кеткенін, бірақ таба алмағанын айтады. Баянның (әжесі -авт.) айтуынша, дәрігерлер «балаға димедрол салдық, енді ұйықтайды, сен де барып демалып ал» деп келінін бөлмеден шығарып жіберген. Анасы шығып бара жатып, баласының денесін ұстап қараса, баланың қолы мұздай болып жатқан.

«Оны келінім дәрігерлерге айтқан. Олар баланың қызуы түсіп жатқанын айтып, өздері әңгімесін жалғастыра берген. Келінім бөлмеден шығып кеткен. Содан кейін 30-40 минут шамасында бала шетінеген. Дәрігерлер димедролды көп мөлшерде салып жіберген. Оны олар қазір жасырып қалғысы келіп, мойындамай отыр. Сол димедролдың артық мөлшерін көтере алмай, баланың қан қысымы 200-ге дейін жетіп, қызуы 40-қа дейін көтерілген. Оған қоймай тілі шықпаған сәбиге медбике Зульфия Иманшиева ұрысып, жұлқылаған. Көмекші санитаркасы да «неге құса береді» деп сәбиге сөйлеген. Баламыздан айырылып қалған соң, келінім екеуміз шара қолдансын деген талаппен аурухана басшысы Айгүл Төребекқызының алдына бардық. Емдеген дәрігер Нұрила Серікқызынан қандай диагнозбен емдедің дегенде жауап бере алмады», - дейді Шүкірғалиева ауыр күрсініп.

Ол немересінің дәрігерлердің немқұрайлығынан және ісіне салғырттықпен қарауынан шетінеді деп есептейді. Осыған байланысты ол дәрігерлердің үстінен облыстық прокуратураға арыз түсірген. Президент әкімшілігіне де хат жолдаған. Жақында ғана арыз қаралып жатыр деген жауап келген.

Шүкірғалиеваның ұлы мен келіні осыдан бір жыл бұрын отау құрған. Шетіген сәби – алғашқы немересі. Қазір шетінеген баланың ата-анасы психологиялық жай-күйі өте ауыр екен.   

«Ойнап-күліп, тәп-тәтті болып өсіп келе жатқан немерем еді ғой. Қылығын сағындық. Келінім әлі өз-өзіне келе алмай жүр. Бір айдан асты, омырауынан сүт тоқтаған жоқ. Не шара!», - деп босап алды марқұм сәбидің әжесі. 

Қазір Атырау облысы бойынша полиция департаментінің баспасөз қызметі бала өлімі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-тармағы («Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәбидің өлімі неден болғанын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған. Алайда, бір айдан асса да қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Одан бөлек, біз Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуовадан бұл оқиға бойынша пікір беруін өтіндік. Оның айтуынша, басқарма арнайы комиссия құрып, талдау-тексеру жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ, ол осы және прокуратура тексерісінің қорытындылары шықпай, алдын-ала еш нәрсе айта алмайтынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама