Сотқа жүктілік жайында жалған анықтама ұсынған әйел сотталды

Динара Амантай

Бірақ жауап алу кезінде құқық бұзушы жүктілігі туралы қарама-қайшы айғақтар бере бастаған

Фото: Halyq Uni

Абай облысының аудандық сотында Үржар ауылының тұрғынына қатысты көлік құралын мас күйінде басқару фактісі бойынша іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, істі қарау барысында әйел жүктілік туралы анықтаманы ұсынған. Бұл оған жазадан құтылуға мүмкіндік берді, өйткені заңмен жүкті әйелдерді қамауға тыйым салынған.

Бірақ жауап алу кезінде құқық бұзушы жүктілігі туралы қарама-қайшы айғақтар бере бастаған. Осыған назар аударған прокурор істі қарауды кейінге қалдыруды сұрап, медициналық құжаттарды тексере бастады. Тексеру барысында жүктілік туралы анықтаманың жалғандығы анықталып, әйелді қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін құжаттар прокуратурадан полицияға жолданды.

11 наурызда Үржар аудандық сотының үкімімен әйел ҚР ҚК 385-бабының 3-бөлігімен, яғни сотқа жалған құжат ұсынғаны үшін кінәлі деп танылып, оған айыппұл салынды.

Сонымен қатар, соттың 20 наурыздағаы қаулысымен ол ӘҚБтК 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамауға алынды және көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға айырылды.