×

ҰҚК атыс қаруын сатудың ірі арнасын жойды

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 12.04.2023 | 12:12
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

29 наурызда ҰҚК ІІМ-мен бірлесіп, екі ведомствоның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін тарта отырып, ірі ауқымда заңсыз қару айналымымен айналысқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қылмыстық схеманың қатысушылары оқсыз атылатын, жарақаттайтын, белгі беретін және өзге де өлімге алып келмейтін қаруларды «қара нарықта» өткізу үшін атыс қаруына айналдырумен айналысқан.

Арнайы операция Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында бір мезгілде жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық схемаға қатысы бар деген күдікпен 23 адам ұсталды. 32 автомат, 88 тапанша, 37 мылтық (барлығы 157 қару), 9 граната және әртүрлі калибрлі 27 390 оқ-дәрі алынды.

Қару мен оқ-дәрілер жасауға арналған арнайы жабдықтар мен жинақтары бар 7 қолдан жасалған цехтың жасырын әрекеті жойылды.

Ұстау алдында ұзақ жете тексеру жүргізіліп, оның барысында әртүрлі калибрлі ұрыс патрондары мен оқ-дәрілерге келтіріліп қолдан жасалған «Калашников» автоматын, 3 тапаншаны жедел сатып алу жүзеге асырылды.

Биыл ақпанда ҰҚК Ақтөбе облысында аталған қылмыстық топпен байланысы бар қаруды қолдан жасаумен айналысқан шеберхананың жұмысын тоқтатқан еді. Жедел жолмен қылмыстық схеманың барлық тізбегі ашылды.

Қаруды өткізу тәсілдері, соның ішінде «Darkshop» деп аталатын интернеттің көлеңкелі сегментіндегі сауда алаңдары анықталды.

Топ мүшелері құпиялылық пен қауіпсіздіктің қатаң шараларын сақтаған, әрқайсысының рөлі (жасаушылар, сатушылар, делдалдар және т.б.) мұқият бөлініп берілген.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Заңсыз қару сату және сатып алуға қатысы бар басқа да адамдарды анықтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама