×

Қаңтардан кейін жұмыссыз қалған музей маманы жаңа қызметке орналасатын болды

Ол қаңтар оқиғасы кезінде құнды экспонаттарды сақтап қалуға себепші болған

 Ая Өміртай 12.04.2023 | 11:12
Фото: Halyq Uni

Қаңтарда Орталық музей жәдігерлерін сақтап қалған, жұмыссыз қалған Бибігүл Дандығараеваны жұмысқа орналастыратын болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Белгілі болғандай, Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде музейдің құнды экспонаттарын сақтап қалуға себепші болған орталық қызметкері 5 айдан бері жұмыссыз жүргенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

«Бибігүл Дәндіғараеваға бұрынғы лауазымына тең бос орындар ұсынылады. Бір айта кетерлігі, мұражайдың, жалпы алғанда, мәдениет саласының еңбектеріне ұзақ жылдарды арнаған қызметкерлері бүкіл қоғам үшін маңызды. Өткен жылы қалыптасқан жағдай зерделенетін болады», – делінген Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетелік, Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей директорының орынбасары қызметінен кетуге мәжбүр болғанын айтқан Бибігүл Дандығараева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында мән-жайды түсіндіріп берген еді.

Осы музейде қарапайым ғылыми қызметкерден бастап директордың орынбасары болғанға дейінгі аралықта 20 жылға жуық жұмыс істедім. Музейге жаңа басшы келген соң кемшіліктердің барлығын маған жауып, қызметтестерімнің алдында шеттетті. Шыдамай кеткен соң, шығып кеттім. Қазір 5 айдан бері жұмыссыз отырмын. Мәдениет cаласында көп жыл еңбек еткен адамын, онымен ұрсысып жатпаймын ғой. Жаңа басшының мамандығы биолог, ол Атыраудағы өлкетану музейінен келіп отыр. Бұл – мегаполис, Қазақстандағы ең көне музей, – деп түсіндірген болатын.

Былтыр қаңтардың 5-і күні Алматыда жағдай шиеленісе бастағанда белгісіз біреулер музейдің орталық есігін бұзып кірген. Сол кездегі музей қызметкері Бибігүл Дандығараева олармен келіссөз жүргізіп, музей экспонаттарын аман алып қалған болатын. 

Осы жағдайдан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бибігүл Дандығараеваны «Парасат» орденімен марапаттаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама