Оның үшеуі елордада анықталған
Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері 8 есірткі зертханасын жойды.
ІІМ жыл басынан бері республика аумағында Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында 8 есірткі зертханасын жойды. Қолдануға дайын 33 келіден астам есірткі, оның ішінде 14 келіден астам синтетикалық есірткі, 19 келі қарасора, 165 литр прекурсор – есірткі өндіруге қажетті заттар тәркіленді. Зертханалар ұйымдастырғаны үшін 16 адам ұсталды, – дейді полиция.
Тек астанада жыл басынан бері үш жасырын есірткі өндірісі жойылды.
«Ақпанда полиция екі азаматты құрықтады. Олардан шамамен 2 келі мефедрон, 1400 LCD таблеткасы, 140 литр прекурсорлар, сондай-ақ есірткіні синтездеуге арналған зертханалық жабдықтар, құралдар тәркіленді. Олар коттедж қалашығындағы жалға алынған үйде есірткі өндірісін жолға қойып, оларды қалада көтерме сатумен айналысқан. Жедел іс-шараларды өткізу кезінде салмағы 1,2 келі болатын синтетикалық есірткі жасырылған 2 орын анықталып, жойылды. Осы факт бойынша барлығы 3 келіден астам синтетика алынды», – делінген ақпаратта.
Сол айда жедел әзірлеу барысында есірткі өндірген тағы бір күдікті ұсталды. Тінту кезінде одан 12 келіден астам «синтетика», тиісті жабдықтар тәркіленді. Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған азамат өткен жылғы қарашада «жасырып кетуші» болып жұмысқа орналасқан.
«Содан кейін үй жалдап, синтетиканың ірі партияларын мессенджер арқылы сату үшін өзі есірткі өндірісін қолға алуды шешкен. Ұсталған адамнан 7 келіден астам пайдалануға дайын «Альфа-PVP» (жылдамдық) есірткісі, 10 литр ерітінді тәркіленді. Тінту барысында алынған зертханалық заттар – гигрометрлер, желдеткіштер, өлшеуіш стақандар, пластмасса елеуіштер, есірткі қалдықтары бар электрондық таразылар, респираторлар қылмыстық іс материалдарына қосылды», – делінген мәліметте.