Halyq Uni логотип
×

Бергей кеткен соң берекесі қашқан мұнай құбырын белсенділер әкімдік балансына өткізе алмай жүр

Атырау облысында 110 шақырымға созылып жатқан мұнай құбыры төңірегінде дау шықты

 Айгерім Таубай 11.04.2023 | 16:10
Бергей кеткен соң берекесі қашқан мұнай құбырын белсенділер әкімдік балансына өткізе алмай жүр
Фото: Halyq Uni

Атырау облысында 110 шақырымға созылып жатқан мұнай құбыры төңірегінде дау шықты. Атыраулық белсенді Алтынбек Сатановтың айтуынша, жердің астында жатқан құбыр ешкімнің иелігінде емес. Алайда құбырдың бір бөлігін оралдық кәсіпкерлер, біраз шақырымға созылып жатқан бөлігін ақтөбелік кәсіпкерлер қазып алып кеткен. Индер ауданының белсенділері елдімекеннің аумағында жатқан құбыр жергілікті әкімдіктің балансына өтуге тиіс деп санайды.

Алтынбек Сатанов пен Асхат Құтхожин Атырау облысынан елордаға келіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жазды. Сондай-ақ Halyq Uni тілшісіне істің мән-жайын баяндады.

Индер ауданының белсенді тұрғыны Алтынбек Сатановтың айтуынша, 1960 жылдары салынған мұнай құбырын кәсіпкерлер талан-таражға салды.

«Атырау облысы – газ бен мұнайға бай мекен. Соған байланысты неше түрлі газ және мұнай құбыры бар. Индербор ауылы Атырау мен Оралдың ортасында орналасқан. Атыраудан 180 шақырым, Оралдан 100 шақырым жерде. Соған байланысты ауылдың үстінен газ және мұнай құбыры өтеді. Ол құбырды «ҚазТрансОйл» секілді мекемелер пайдаланады. 1960 жылдары салынған мұнай құбыры бар. Одан кейін газ жүргізуге пайдаланып, Махамбет ауданынан бастап Индер ауданына дейін сол құбыр арқылы ауыл-аймаққа газ кіргізді. Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі болып тұрған кезде ол тұрба ескірген соң барлығы пластик құбырға ауыстырыла бастайды. Содан кейін Бергей Рысқалиев сотталып кетті», - дейді белсенді азамат.

Айтуынша, содан кейін жұмыс та тоқтап қалған. Тек 2019 жылы жұмыс қайта жанданып, пластик құбыр жүргізген. Ал ескі тұрба иесіз қалады.

2022 жылдан бастап сол құбырды ақтөбелік және оралдық кәсіпкерлер қазып ала бастаған.

Иесіз тұрбаның Махамбет ауданы жақтан қазылып келе жатқанын көрдім. Бәрін видеоға түсіріп алдым. Сол кезде Ақтөбе мен Оралдың кәсіпкерлері қорқа бастады. Артынша өздеріне барып «Индербор ауданының территориясына келген кезде жұмысты тоқтатыңдар» дедім. Себебі аудан аумағында жатқан құбырды жергілікті әкімдік балансына өткізуді ойластыра бастадық, - дейді ол.

Артынша ол құбырды сатып, аудан орталығында ескі үйде тұрып жатқан азаматтарға баспана алуға жұмсауды ойлаған.

«Индербор ауылының орталығында бұрын инфекциялық аурухана болған жерде халық тұрып жатыр. 35-40 үй бар. Құбырды әкімдікке өткізіп, сол арқылы оны сатып, орталықта тұратындарға басқа жерден үй алып бергіміз келеді. Сонда ғана ауыл орталығы босайды, ол жер әкімдікке өтеді. Біз Индербордың көркейгенін, ауыл орталығының тазарғанын қалаймыз. Ол бостан-бос жатқан құбыр ғой. Мүгедектігі бар азаматтарға үй алып бергіміз келеді. Бір жағы жергілікті азаматтарға жұмыс болады», - дейді атыраулық белсенді.

Жергілікті полиция иесіз жатқан құбырды жымқыру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Алайда кімнің үстінен іс қозғалғанын нақтылмаған.

Соны білу үшін аудан белсенділері облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қыбалдауында болады. Алайда тұщымды жауап алмаған соң Астанадан көмек сұрауға мәжбүр. Себебі бұл істің артында ауқымды сыбайлас жемқорлық әрекеті бар деген күдік басым.

Оралдық кәсіпкер Махамбет ауданынан Индер ауданына дейінгі жерде жатқан 50 шақырым құбырды алып кетті. Индер ауданында жатқан ұзындығы 19 шақырым тұрбаны ақтөбелік кәсіпкер қазып алды. 38 шақырым аудан әкімдігінің балансына кіреді, ал қалғаны иесіз жатыр, - дейді Алтынбек Сатанов.

Белсендінің айтуынша, бұл жағдайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жіті тексеруі қажет. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама