Жамбыл облысында жыл басынан бері жол апатынан 31 адам қаза тапты

Динара Амантай

Қаза тапқан балалардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4 есе өскен

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері Жамбыл облысында 220 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаттарынан 31 адам қаза тауып, 300-ден аса адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Статистика көрсеткендей, жүргізушілердің кінәсі осы апаттардың 99 пайызында анықталған. Сондай-ақ мас жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларының саны 16,7% артты. Жүргізілген талдауға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының көпшілігінің негізгі себептері – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін саналы түрде бұзуы, яғни жылдамдық режимін асыра пайдалану, маневр жасау ережелерін бұзу, жол белгілерін сақтамау, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтуді бұзу. ПД бастығы апаттарда қаза болған балалардың саны ерекше алаңдатушылық туғызатынын, өткен жылмен салыстырғанда 4 есе өскенін атап өтті.

Бұл жағдайда олардың әрқайсысының артында бала өмірі тұрғанда сандар туралы айтудың да қажеті шамалы. Атап өту керек, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасында қаза тапқан бірде-бір жолаушы бала көлікте балаларды арнайы ұстау құрылғысында болмаған. Ата-аналар көбіне автокөлік орындығын сатып алуды кейінге қалдырады, бірақ бұл баланың өмірінен немесе денсаулығынан қымбат емес екенін есте ұстаған жөн, – деді Жамбыл облысының бас полицейі Арманбек Баймурзин.

Сондай-ақ ол бүгінде мемлекет апаттылықты азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін цифрландыруға өте көп қаражат бөліп жатқанын айтты. Алайда жүргізушілердің тәртібі төмен болғандықтан өзінің өмірі үшін ғана емес, басқа адамдардың тағдыры үшін де жауапты екенін түсінбейінше, мұның барлығы айтарлықтай нәтиже бермейді. Жол-көлік оқиғаларының саны 17%, қаза тапқандардың саны 26,2%, ал зардап шеккендердің саны 22,8% төмендегеніне қарамастан, әрбір өлім оқиғасы жеке отбасы үшін де, жалпы қоғам үшін де қайғылы әрі орны толмас шығын деп санайды ПД бастығы. Ол жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.