Жаңаөзеннен келген мұнайшылар Энергетика министрлігінің алдында түнеді
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылардың алдына міндетті түрде шығатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Кеше Жаңаөзеннен (Маңғыстау облысы) 60 мұнайшы Астанаға келді. Олар Энергетика министрлігінің алдына пикетке шықты. Сол уақытта олардың талабы әртүрлі еді: «Жаңаөзенмұнайгаз» АҚ-ға жұмысқа орналастыру және тағы басқа. Олармен диалог болды. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мен Энергетика министрлігінің департамент басшылары болды. Олар жұмысшылармен сөйлескен жоқ. Сыртынан бақылап тұрды... Қазір біз ресми ұстанымызды дайындап жатырмыз...», - деді Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысынан соң.
Министрдің айтуынша, жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз жүргізу бірнеше кезеңге созылады. Алмасадам сәтқалиев мұнайшылардың алдына міндетті түрде шығатытын айтты.
Алдымен мәселенің түп төркіні мен олардың түпкілікті позициясын түсінгіміз келеді. Мұның қандай деңгейде шешілетінін түсінуіміз керек. Егер мәселені шешу министрдің немесе Үкіметтің деңгейінде болса, диалог қамтамасыз етілетіні анық. Мен диалогты жалғастыру, қызметкерлермен келіссөз жүргізу керектігін көріп отырмын. Егер менің (мұнайшыларға – авт.) шығуым қажет болса, мен міндетті түрде шығамын, - деді министр.
Кеше Астанаға Жаңаөзеннен келген мұнайшылар Энергетика министрлігінің алдында түнеді. Тендерден ұтылып қалған «БерАли Маңғыстау Company» қызметкерлері жұмыс талап етіп отыр.
Қазмұнайгаздың мәліметінше, оларға жалақысы $1500 болатын басқа компанияға ауысу ұсынылған, бірақ олар бас тартқан. Ал жаңаөзендік мұнайшылардың айтуынша, жұмыс тек 55 маманға ұсынылған, ал жұмыссыз қалған 240 адам бар.