Halyq Uni логотип
×

Байзақтағы жарылыс: сүйегі бір жылдан кейін табылған Дәуітбаевтың отбасына қандай көмек көрсетілді

Марқұм Бауыржан Дәуітбаевтың артында әйелі мен бес баласы қалды 

 Айгерім Таубай 11.04.2023 | 11:27
Байзақтағы жарылыс: сүйегі бір жылдан кейін табылған Дәуітбаевтың отбасына қандай көмек көрсетілді
Коллаж Halyq Uni

Байзақтағы жарылыс кезінде із-түзсіз кетіп, бір жылдан кейін сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевтың отбасына 15 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың жесірі Ділназ Данаеваға облыс әкімдігі резервінен 5 млн теңге, республикалық бюджетте көзделген Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен 10 млн теңге әлеуметтік көмек берілген.

Сондай-ақ марқұмның сүйегінің қалдықтары табылған кезде отбасына тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылғаны хабарланды.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ділназ Данаева мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді атқару кезінде, әскери қызметте, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан азаматтар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұр.

Қазір пайдалануға беруге болатын пәтерлер жоқ, алайда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырыс беруімен Сарыкемер ауылының батыс жақ бетінен 5 қабатты 4 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске асқан жағдайда тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарға кезектілігіне қарай пәтерлер пайдалануға беріледі, - делінген ресми жауапты.

Сондай-ақ редакция марқұмның ұл-қызына қандай көмек көрсетіліп жатқанын нақтылауды сұрады.

Бұған дейін марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселесін шешуге көмек көрсетілетіні айтылды.

Марқұм Бауыржан Дәуірбаевтың ата-анасы – жұмыспен қамтылған жалдамалы жұмыскерлер. Ал әйелі 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отыр, 5 баласы бар.

Марқұм Дәуітбаевтың туыстары оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж болмағандықтан осы көмек түріне жүгінген жоқ, - деп жауап берді әкімдік.

Марқұмның балалары орта мектептің 4, 7, 9 сыныптарында білім алады. Олар оқитын мектепте ақылы үйірмелер қарастырылмаған. Отбасының 4-сыныпта оқитын қызы мектептегі «хор», «қолөнер» үйірмесіне барады және тегін құрғақ тамақпен қамтылған. 7-сыныптағы баласы «тоғызқұмалақ» үйірмесіне қатысады. 9-сыныптағы ұлыҮшкемпіров атындағы спорт мектебінің «бокс» үйірмесіне қатысады.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Апат салдарынан 18 адам ажал құшып, 100-ге жуық адам жарақат алды. 

Қайтыс болғандардың ішінде Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі бір жылдан кейін табылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама