×

Индустрия министрі жылу желілері әбден тозған бес өңірді атады

Биыл әбден тозығы жеткен 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді

 Дәурен Ерболат 11.04.2023 | 10:43
Фото: Константин Шелков

Павлодар Абай, Қарағанды Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілерінің тозу көрсеткіші өте жоғары. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ республикалық дағдарыс орталығының мәліметінше, 2022-2023 жылдағы жылу маусымы кезінде тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде 185 технологиялық ақау болған. Бұл негізінен инженерлік-коммуникациялық желілердің тозуына байланысты (құбырлардағы жарылыстың болуы).

«Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректеріне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – шамамен 14 мың шақырым. Желілердің орташа тозуы – 54% (7,5 мың шақырым ауыстыруды қажет етеді). Бұл ретте ең жоғары тозу Павлодар (82%), Абай (68%), Қарағанды (68%), Шығыс Қазақстан (66%) және Солтүстік Қазақстан (65%) облыстарында сақталып отыр», - деді министр Үкімет отырысында.

Министрдің айутынша, коммуналдық меншіктегі жылу желілерін жаңғырту мақсатында министрлік қаржыландырудың 3 тетігін іске асырып жатыр:

  • Нысаналы трансферттер;
  • Бюджеттік кредит;
  • Шығындарды 50%-ға дейін субсидиялау.

«2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде тозу көрсеткіші 75%-дан асатын 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр», - деді Марат Қарабаев.

Министрдің пікірінше, жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтау жобалары бойынша тиісті өтінімдер мен құжаттамаларды ұсыну жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет.

Бүгінде 2024 жылғы республикалық бюджетті қалыптастыруда 54,7 млрд теңге сомасына жылу жүйелерінің 43 жобасына ғана өтінімдер бар, - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама