Таразда қылмыстық топтың жетекшісі өзін блогер ретінде таныстырған
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Таразда ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті тұрақты түрде әрекет еткен қылмыстық топты анықтады, деп хабарлады Polisia.kz.
Бұған дейін ведомствоның жедел қызметкерлерінің назарына бірнеше рет бопсалауға, қылмыстық текетірестерге, қала мен облыс аумағындағы кәсіпкерлерден қарыздарды қайтаруға қатысқан топ түскен.
Қылмыстық топтың жетекшісі кейінгі кездері өзін қоғам белсендісі ретінде көрсетіп, жастарды тәрбиелеу жөніндегі патриоттық қозғалыстың атын жамылып «қайырымдылық қоғамдық қорын» құрған. Ол өзінің қылмыстық беделін «әділеттілікті жақтаушы» – блогер имиджіне түбегейлі өзгертіп, әлеуметтік желілерде белсенді бола бастаған.
Өз қорына ерікті жарналар түрінде қылмыстық «қамқорлығы» үшін кәсіпкерлерден ақша бопсалап отырған. Бұған келіспегендерге күш қолданған.
Полицияға топтың тоғыз мүшесі жеткізілді, 20-дан астам тінту жүргізіліп, «қаңтар» оқиғасы кезінде облыстық полиция департаментінен ұрланған «Калашников» автоматы, екі «Макаров» тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару тәркіленді, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар қылмыстық топтан екі келіден астам есірткі тәркіленді.
Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 12 қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.