Допинг дауы: Азия чемпионатының жүлдегері жарыстан шеттетілді

Дастан Жұмабекұлы

Қазір Саматәлі Төлтаев үйіне қайтты, - деді бас жаттықтырушы

фото: ашық дереккөз

Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Саматәлі Төлтаев допинг дауына байланысты командадан шеттетілді. Бұл туралы бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов та айтты.

Bassport.kz-қа берген сұхбатында Мырзағали Айтжанов ұлттық құрамаға бас жаттықтырушы болып қайта келгенде қайтадан дәрігерлерді, ғылыми кешенді топ қызметкерлерін жинап, жұмыс істей бастағанын, сол кезде олар боксшыларға допинг туралы ескерту жасағанын атап өтті.

Біз тіпті, көшеден су ішуге болмайтынын да ескертеміз. Ал Саматәлі достарының, таныстарының айтуымен витамин ішемін деген ойда болған. Енді одан екінші сынама алынады. Бәрін халықаралық комиссия шешеді, –  деді бас жаттықтырушы.

Оның айтуынша, қазір Саматәлі Төлтаев үйіне қайтты. Жаттығу жиындарында жоқ. Боксшылар мамандар мен дәрігерлердің бақылауында.