Есірткіні жасырып кету арқылы таратумен айналысқан 12 адам анықталды
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Ақмола облысының ПД және Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, прокуратурамен келісілген ұзақ мерзімді әзірлеу мен жедел-тергеу іс-шараларының кешені барысында есірткі сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өткен демалыс күндері арнайы құрылған жедел-тергеу топтары арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерінің күштік қолдауымен Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларының аумағында осы қылмыстық бизнеске қатысушыларды ұстады.
Жедел уәкілдер Астана, Көкшетау және Қарағанды қалаларының аумағында есірткіні жасырып кету арқылы таратумен айналысқан 12 адамды анықтады. Олар Telegram қосымшасында жұмыс істейтін 3 интернет-дүкен арқылы әрекет еткен. Олардың қатарында ұйымдастырушы, оператор, бухгалтер, интернет-есірткі дүкенінің әкімшісі, сондай-ақ 7 есірткі жасырып кетуші («өлшеп, ораушылар», «қоймашылар», «кладмендер») бар. 12 мекенжай бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде 3 келіден аса гашиш, сонымен қатар дайын орамдар, есірткіні буып-түюге және қолдануға арналған түрлі құрылғылар, қылмыстық бизнеске қатысты құжаттамалық растамасы бар техника мен ұялы телефондар, сондай-ақ интернет-дүкендердің қаражат қозғалысы туралы жазбалар тәркіленді. Ұсталған есірткі жасырушылардың қатарында Көкшетау қаласының 17 жастағы тұрғыны да бар.
Сонымен қатар, жедел уәкілдер есірткі жасырушылардың бірінің анасын, яғни топтың қылмыстық бизнесіне қатысы бар 42 жастағы әйелді ұстады.
Қазір уақытша ұстау изоляторына қылмыстық топтың 10 мүшесі қамауға алынды. Екі адамға қатысты «келу туралы міндеттеме» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы қолданылды. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды («Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау немесе өткізу»). Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет, аса ірі мөлшерде, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы жасалған бұл қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Тергеу шаралары жалғасуда. Тиісті сараптамалар тағайындалды, – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.