Жетісу облысында ер адамды атып өлтірген күдіктілер ұсталды

Динара Амантай

Олар жәбірленушінің 20-дан аса қойы мен ешкісін ұрлап, бір бөлігін сатып жіберген

Фото: polisia.kz

Жетісу облысында кісі өліміне қатысы бар екі күдікті ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 1 сәуірде Сарқан қаласының маңындағы ауылдық жолдың жағасында бірнеше күн бойы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен 58 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. Сот сарапшылары оның басынан атып өлтірілгенін анықтады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сарқан ауданының полицейлері облыстық департаменттің жедел қызметкерлерімен бірлесіп, 22-23 жас аралығындағы екі күдіктіні ұстады.

Кісі өлтіру қылмысының тасжолда жасалғаны анықталды. Оған жәбірленушінің ақшалай қарызы және оның мүлкін тартып алу түрткі болған. Жәбірленушіден 20-дан аса қой мен ешкі ұрланған, олардың бір бөлігін сатып жіберген. Қазір ұрланған мал табылып, жәбірленушінің туыстарына қайтарылды. Сондай-ақ ұсталғандардың бірінің бақшасында көмілген қосауыз шолақ мылтық қылмыстық іс материалдарына тіркелді, – деді Жетісу облысы ПД КПБ бастығы Қайрат Жұрынов.

Іс бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 99-бабына («Адам өлтіру») сәйкес жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторында қамалды.