Мүлік иелерінің бірлестігіне онлайн тіркелуге болады

Дастан Жұмабекұлы

«Управ.дом» мобильді қосымшасы шықты

фото: ашық дереккөз

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Әділет министрлігі және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, мүлік иелерінің бірлестігін құру мен оны тіркеу жөніндегі жобаны іске асырды.

Енді тұрғындар онлайн дауыс беріп, электронды хаттама қосымшасының көмегімен тіркеуге қатысты өтінішті жолдай алады.

Егер бұған дейін тұрғындарға мүлік иелерінің бірлестігін тіркеп, оның төрағасын сайлау үшін баспана иелерімен бірнеше рет кездесіп, тиісті өтінішті жіберу үшін ұзақ жүретін болса, енді «Управ.дом» мобильді қосымшасы арқылы смартфондағы батырманы басып, қажетті өтінішті онлайн жолдаса жеткілікті, – делінген хабарламада.

Бұл жоба бойынша дауыс берудің онлайн форматы қарастырылған. Демек тұрғындардың келісімі мен қолдары интерактивті түрде жиналып, дауысты, кворумды автоматты санау және электронды хаттаманы қалыптастыру көзделеді. Сондай-ақ МИБ-ті электронды форматта тіркеу үшін тұрғын үй төрағасының, хатшының және тұрғын үй кеңесінің қолы қойылған электронды хаттаманы «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына жіберу мүмкіндігі жолға қойылған.

Қосымшаны пайдалану аясын кеңейту мақсатында арнайы нұсқаулық бейнероликтер дайындалды.