Еліміздің 4 қаласында пәтерді жалға алу құны едәуір қымбаттаған
Ақтөбе, Ақтау қалаларында жаңа тұрғын үйлердің бағасы айтарлықтай өскен
Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй нарығындағы бағаға қатысты мәлімет ұсынды.
Ведомствоның мәліметінше, бір жылда (2022 жылғы наурызбен салыстырғанда 2023 жылғы наурызда) пәтерлерді қайта сату бағасы – 7,3%, жаңа тұрғын үйлерді сату 9,3% қымбаттады. Абаттандырылған баспананы жалға алу төлемі 29,3% артты.
Жаңа үйлер бір жылда Ақтөбе (25,4%) және Ақтау (24,3%) қалаларында ең көп қымбаттады. Қайталама нарықта баға өсімі бойынша – Қызылорда (37,8%), Ақтау (32,6%), Семей (31,6%), Қостанай (29,2%), Өскемен (24,7 %) қалалары көш бастап тұр. Ал тұрғын үйді жалға алу нарығында ең жоғары баға Көкшетау (51,1%), Петропавл (48%), Алматы (45,4%) және Қостанай (45%) қалаларында тіркелді.
Айта кетейік, бір айда (2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда 2023 жылғы наурызда) жаңа тұрғын үйді сату бағасы – 1,2% өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,7% төмендеді. Ал баспананы арендаға алу құны алдыңғы аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.