Соңғы үш айда елімізде өрттен 308 адам құтқарылған
Бірқатар өңірлерде өрттер саны артқан
Жыл басынан бері ТЖМ өрт сөндіру бөлімшелері өртке 2 493 рет және авариялық-құтқару жұмыстарына 2 452 рет шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, осы жылдың 3 айында өрттен 308 адам, авариялық-құтқару жұмыстарында 2 028 адам құтқарылып, өрттен 2 555 адам және авариялық-құтқару жұмыстарында 1 388 адам эвакуацияланған.
Пайда болу себептері бойынша өрттердің негізгі үлесі электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзуға 47%-дан, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға 22%-дан, отпен абайсызда жұмыс істеуге 12%-дан келеді.
Өрттер саны Ұлытау облысында 62,5%, Қостанай облысында 52,5%, Жамбыл облысында 48,6%, БҚО-да 42,5%, Атырау облысында 41,2% артқан.
Республика бойынша өрттердің негізгі үлесі Қостанай облысына (8%), Астана қаласына (7,8%), Алматы облысына (7,8%) тиесілі.
Өрттің негізгі себептеріне мыналар жатады:
- тұрмыстық аспаптарды сауатсыз пайдалану немесе ақау болған жағдайда оларды қолдану;
- бір уақытта бірнеше электр аспаптарын қолдану, бұл электр желісінің шамадан тыс жүктелуіне әкеледі, электр аспаптарын назардан тыс қалдыруға және олардың қызып кетуіне жол бермеу керек;
- тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау;
- рұқсат етілмеген жерлерде от жағу және темекі шегу;
- жанғыш заттарды дұрыс қолданбау,
- балалардың сіріңкемен ойнауы;
- қасақана өртеу.