×

СҚО түрмесіндегі жазасын өтеуші тағы бес жылға сотталды

Оған түзету мекемесінің қызметкерлеріне жала жапты деген айып тағылды

 Самат Жақып 08.04.2022 | 13:27
фото: СҚО полиция департаменті

Солтүстік Қазақстан облысында түзету мекемесіндегі жазасын өтуші Қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) қызметкерлеріне жала жапқаны үшін тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мұндай оқиға өңірде алғаш рет тіркеліп отыр. ЕС-164/1 мекемесінде отырған «М» есімді азамат осыдан жеті жыл бұрын «Кісі өлтіру», «Қарақшылық», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оны басқару», «Бопсалаушылық» сынды қылмыстар үшін 25 жылға сотталған болатын.

Ол тергеу изоляторына түскен сәттен бастап «мекеме қызметкерлері мен басшылығы мені ұрады, адамның ар-намысын қорлайтын түрлі іс-әрекеттер жасайды, тіпті ақша бопсалайды» деп облыстық прокуратураға, СҚО ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментіне бірнеше мәрте арызданған.

Аталған дерекке қатысты ҚАЖД қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалды. Алайда жазасын өтеушінің шағымында көрсетілген фактілер расталмай, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Өйткені қаскүнемнің мәлімдемесінде жазылған фактілер расталмады. Мекеме ішіндегі бақылау камераларындағы жазба арқылы сотталушының өз-өзіне дене жарақатын салғаны анықталған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «М» есімді сотталған адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол бойынша Петропавл қалалық соты үкім шығарды. Оған 5 бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. ҚР ҚК 60-бабының 1,4 бөліктері негізінде үкімдердің жиынтығы бойынша жазасының өтелмеген бөлігін ішінара қосу арқылы қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеумен 23 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза түпкілікті айқындалды. Жалпы қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының мекемелерінде 1400-ден астам адам жазасын өтеп жатыр», - деді СҚО ҚАЖД баспасөз хатшысы Мадина Ерғалиева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама