Павлодарда сәбиді ұрған тәрбиеші жұмыстан шығарылды (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Балаларға дөрекілік таныту фактісі бойынша №28 балабақшада қызметтік тергеу жүргізілген

фото: видеодан скриншот

Павлодарда балабақшалардың бірінде баланы шапалақпен ұрған тәрбиеші жұмыстан босатылды. Ал мекеме басшысына қатысты тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Балабақшада түсірілген видео әлеуметтік желіге тараған еді. Кадрдан тәрбиешінің баланы шапалақпен бір тартып, үстіне көрпесін жауып жатқанын көруге болады.

Павлодар қаласының білім беру бөлімі балаларға дөрекілік таныту фактісі бойынша №28 балабақшада қызметтік тергеу жүргізілгенін хабарлады.

Тергеу қорытындысы бойынша ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14-тармақшасына сәйкес тәрбиеші теріс себептермен жұмыстан шығарылды, - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ тәрбиешілердің қызметін бақылауды әлсіреткені үшін мектепке дейінгі ұйым басшысына қатысты тәртіптік жаза қолданылған.