Ол жергілікті полицияның осы жағдайға жол беріп, әрекетсіздік танытқанын қатаң сынға алды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында болған төбелеске байланысты шұғыл жиын өткізіп, аудан әкімі мен полицияның әрекетсіздігін сынға алды, деп хабарлады Halyq Uni.
Өңір басшысы Қазалы ауданында бұған дейін де жаппай төбелес болғанын, аудан әкімі мен жергілікті полицияның осы жағдайға жол беріп, әрекетсіздік танытқанын қатаң сынға алды. Мәселен, бұған дейін Қызылорда қаласындағы №217 мектеп оқушылары суық қару қолданған. Байқоңыр қаласындағы №275 мектепте де төбелес тіркелді. Жалағаш кентінде де екі мектеп оқушылары арасында жанжал шыққан.
Сонымен бірге, Нәлібаев жастарды әлеуметтендіру бағытындағы шаралардың жеткіліксіздігін, тәрбие жұмыстары тек есеп беру үшін өткізілетінін айтып, төбелестің шығу себебін анықтап, шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Бұған қоса, өңір басшысы бұл жағдайда ата-аналардың өз жауапкершілігін сезінуі керектігін ескертті.
Бәріміз де ата-анамыз. Әрбір ата-ана таңертең мектепке шығарып салған баласының үйге есен-сау оралатынына сенімді болуы керек. Ал полиция мен мектеп бұған қол жеткізе алмай отыр. Қызылорда қаласы мен Қазалы, Жалағаш ауданы бойынша полиция басқармаларының жауапкершілігі қаралсын. Сонымен қатар, аталған мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да осы жағдайға жол бергендері үшін тиісті жазаларын алсын, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетсек, Қызылорда облысының Қазалы қаласында бес мектеп оқушысы 15 жастағы жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан болатын. Соның салдарынан бас сүйек-ми жарақатын алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазір ол ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.