×

«Баланың сау көзіне ота жасалған». ДСМ алматылық дәрігерлердің әрекетіне жауап берді

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір 4 жасар баланың жағдайы қалыпты

 Айнұр Шошаева 08.04.2022 | 13:10
скриншот: видео

Алматыда Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері төрт жасар баланың сау көзіне ота жасаған. Бұл туралы әлеуметтік желіде баланың анасы Айдын Тоқсанбаева мәлімдеді.

Анасының айтуынша, төрт жастағы ұлы Асылжан Тоқсанбаевқа оң көзінде киста бар деген диагноз қойылып, ота жасатуға келісім берген. Алайда Асылжанның анасы дәрігерлердің отаны сол көзіне (сау көзіне – авт.) жасағанын айтты.

Емханадағы дәрігер оң көзінде киста барын анықтады. Баланы 5 сәуірде таңғы 9-да операцияға алып кетті, бәрі тез өтті. Бірақ отаны оң көзіне жасаудың орнына неліктен сол көзіне жасағанын түсінбедім. Мен дәрігерге олардың қателескендерін айта бастадым, бірақ олар бәрін жоққа шығарып отыр, - дейді баланың анасы Айдын Тоқсанбаева.

Ал дірігерлер баланы ота жасауға бір күн қалғанда тексеріп, диагнозды нақтылап алғанын айтып отыр. Дәрігерлер ота кезінде баланың оң жағындағы халязионның орны жазылып кеткенін айтады.

«Балаға ота жасалды. Ота кезінде оң жағындағы халязионның орны жазылып кетіпті. Сондықтан дәрігерлер сол жақ жоғарғы қабағын тексеріп, халязион пайда болғанын байқайды. Соны кесіп алды», – дейді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузуддинов.

Аталған мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі де түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше баланың жағдайы қалыпты.

«Алматы қаласының Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының мәліметінше, Асылжан Тоқсанбай 5 сәуірде жоспарлы түрде орталықтың офтальмология бөліміне «оң жақтағы жоғарғы қабақтың халязионы» диагнозымен түскен. 6 сәуірге халязионды алып тастау операциясы жоспарланған болатын. Наркоз операциясының жағдайында халязионның орны бар жоғарғы қабақтың ревизиясы жасалды, ол өздігінен жойылып кеткендіктен, хирургиялық жолмен алу қажет болмады. Хаттама бойынша сол қабақтың ревизиясы жасалды, онда кіші халязион анықталды. Басталған анестетикалық нұсқаулықты, операция кезінде анықталған жағдайды ескере отырып, халязионды алып тастау туралы шешім қабылданды», - деді министрлікте. 

Айдын Тоқсанбаева дәрігерлердің салғырттығына шағымданып, Алматы қалалық полиция департаментіне арыз жазды. Отаның сау көзге жасалғаны дәрігерлердің қателігі ме, әлде расымен қажеттілік болды ма, оны медициналық сараптама анықтайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама