4 жасар баланың бетінен қапқан: итке таланудан ығыр болған жаңаөзендіктер әкімдікке жиналды
Шенеуніктердің айтуынша, жануарларды ату адамгершілікке жатпайды
Жаңаөзен тұрғындары шенеуніктерден бұралқы иттер проблемасын шешуді талап етті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бір аптада бұралқы иттер 4 адамды жаралаған. Біреуі – 4 жасар бүлдіршін. Ит баланың бетін жаралап тастаған. Қазір ол ауруханада жатыр.
Баланың жағдайы орташа ауыр. Оның оң көзінің және оң жақ бетінің айналасында тігілген жаралары бар. Бала вакцина алады, - деді ортопед-травматолог Манасбай Инятов.
Былтыр аймақта 210 адам иттердің құрбаны болды, бұл тізімнің әрбір үшіншісі – бала.
Балаларды талау басталды деп айтуға болады. Қой баққан қойшыдай қалада жүргендер қолына таяқ ұстап жүр. Қалада ерсі көрініс. Балалар өз ауласы түгіл, көшеде жүруден, мектепке барудан қалып отыр. Ит атуға болмайды деген заңды шығарып отырған үлкен басшылар, біз – Жаңаөзен халқы, еріктілері бар, жай халқы бар, өзіміз қолымызға мылтық алып, ит атуға шығамыз! - деді ашынған тұрғын Амангүл Жұмағазиева.
Жаңаөзен тұрғындары биліктің әрекетсіздігіне наразы болып, әкімдік ғимаратына зардап шеккендердің суреттерімен келді. Шенеуніктер оларға заңнама аясында әрекет ететінін айтқан. Олардың айтуынша, жануарларды ату адамгершілікке жатпайды. Олар тек питомник ететін жаңа ғимараттан үміттеніп отыр, бірақ оның құрылысы әлі басталмаған.
Былтыр 1 115 ит ауланды, ал бүгінде 1 181 итті ұстадық. Бұл шаралардың барлығы жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға сәйкес болады, яғни адам қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда тұрғындардың өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады.
Өткен жылы біз ит қамайтын нысан салу үшін Жаңаөзеннен кәсіпкерге 1 гектар жер бөлдік», - деді Жаңаөзен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Расул Әбішев.
Еске сала кетсек, осы Жаңаөзенде жануарларды қорғаушылар жергілікті жігіттердің ит атып жүргеніне наразылық танытқан еді.