Америкалық қазақ қызы ата-анасын іздеп жүр
Анамның есімі – Гүлнәр Мұхитдинқызы Ыдырысова, әкемнің аты-жөні – Асқар Ыдырысов, - дейді ол
АҚШ-та тұратын қазақ қызы Сабина Джентри туған ата-анасын іздеп жатыр. Оның әке-шешесін іздеп жүргеніне біраз уақыт болыпты. Ол анамның есімі- Гүлнәр Мұхитдинқызы Ыдырысова, әкемнің аты-жөні - Асқар Ыдырысов дейді.
Өзі 2000 жылы Астанада туған екен. Туған жылы оны америкалықтар асырап алып, Вирджиния штатына алып кетіпті. Қазір колледжді бітіріп, Атлантада тұрып жатқан көрінеді.
Бұл туралы Сәбина Facebook-тегі Kazakh American Assocation тобына жазып, мән-жайды айтып берді.
Баршаға сәлем! Мен осы топтың жаңа мүшесімен. Айтайын дегенім, бірнеше жылдан бері туған ата-анамды іздеп жүрмін. Мен туыстарымды іздеп көріп едім. Бірақ ешкімді таппадым.
2000 жылы 27 ақпанда Астанада туғанмын. Анамның есімі – Гүлнәр Мұхитдинқызы Ыдырысова, әкемнің аты-жөні – Асқар Ыдырысов. Менің азан шақырып қойған атым – Сәбина. Анам мені 39 жасында босаныпты. Сол кезде ол тағы бір босанған екен. Сондықтан менің ағам бар деп ойлаймын, – деді Сәбина.
Одан кейін ол өзін 2000 жылы америкалықтардың асырап алғанын, осы кезге дейін Вирджиния штатында тұрғанын, ал қазір колледжді бітіріп, Джорджия штатындағы Атланта қаласында тұрып жатқанын айтты.
Әлеуметтік желіде кейбір адамдар өздерінің шын ата-аналарын тауып жатыр дегенді естіп жүрмін. Сол себепті мен де мүмкіндікті пайдаланайын деп жазып отырмын. Көмектеріңіз тисе алғыс айтамын!, – деді ол сөзінің соңында.
Әлеуметтік желіде Сәбинаның осы жазбасына ешкім немқұрайлы қарап жатқан жоқ. Оның жазбасының астына пікір қалдырып жатқандар көп. Солардың бірі Сәтпаев қаласының экс-әкімі Асқар Ыдырысов туралы материалдың сілтемесін де қалдырған. Бірақ Сәбина ол адамның әкесі болуы мүмкін емес екенін айтты.