Ол полицейлерден қашу кезінде бірнеше рет жол апатын жасаған
Павлодарда автокран жүргізушісі патрульдік полицияның төрт қызметтік көлігі мен шетелдік жеңіл көлікті зақымдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға бүгін таңғы сағат бес жарымда Ломов көшесінде болған. МАЗ кран машинасы тәртіп сақшыларының күдігін тудырғандықтан, полицейлер көлік құралын тоқтату туралы талап қойған. Алайда кран жүргізушісі олардың заңды талаптарын елемей, қозғалысын жалғастыра берген. Полицейлерден қашу кезінде ол жол бойы бірнеше апат жасап, салдарынан патрульдік полицияның төрт қызметтік көлігі мен Toyota Avalon зақымдалған.
Күдікті Кіші айналма көшесінде ұсталды. Жүргізуші автокөлікті басқара алмай, көлікті аударып алды. Қаскөйдің 24 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Сондай-ақ медициналық куәландыру кезінде оның мас күйінде болғаны расталды. Бұған қоса жүргізушінің көлікті ұрлағаны анықталып, оның жүргізуші куәлігі болмағаны белгілі болды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 200-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 608 -бабы 6-бөлімі, 611-бабы 2-бөлімі, 613-бабы 3-бөлімінің 1-тармағы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотта қаралады.
Павлодар облысының ПД қызметтік автокөлікке келтірілген материалдық залалды өтеу туралы азаматтық тәртіпте сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.